Зылиха Тамшыбаева (1936-2010 жж.)

Тамшибаева Злиха (1936 гг.)

Дүниеге келгені: 05.10.1936

Алтынемел асуы

Қайтыс болғаны: 12.11.2010

Еңбекші ауылы

Ұлты: қазақ

Мансабы: Даңкты еңбек ерлері

Мазмұны:

  1. Зылиха Тамшыбаева;
  2. Жастық шағы;
  3. Оқу бөлмесі;
  4. Фермадағы жұмыс;
  5. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаты;
  6. «Еңбекші» совхозындағы жұмыс.

Зылиха Тамшыбаева

Өмірдің әр саласында аты шыққан қазақ қыздары аз емес. Солардың ішінде жарық жұлдыздардың бірі — Зылиха Тамшыбаева.

Жастық шағы

Әкесі Жанболат — қарапайым шаруа, алғашқы колхозшылардың бірі екен. Ол арабша хат танитын, өз бетінше кітап оқитын, көзі ашық, зерек адам болған. Жазуға ғана емес есепке де жүйрік жігіт жиырмасыншы жылдары Ибрагим атты саудагерге жалданып жүмыс істеген. Жанболат отызыншы жылдардың ортасында дүниеге келген жалғыз қызын аялап мөпелеп өсіріпті. Жұбайы Бибіш дүниеден ерте қайтса да бар пейілі, мейірі Зылиха төңірегінде еді. Соған орай қызы да еркелікті ерте ұмытып, кішкентайынан еңбекқор болып өсті.

Бұлардың атамекені — Абылай ұрпағы Тезек төренің жайлауы болған атақты Алтынемел асуы. Ауыл шетінен Түлкілі тауының қыраттары басталады. Қысы жұмсақ, жазы мамыражай алқапта кезінде қазақтың жастай аққан жұлдызы Шоқан Уәлиханов аз уақыт тұрып, аурудан қайтыс болған. Қазір сүйегі сол жерде. Ұлы адамның басқан топырағында туып-өсуі кімді де болса тебірентпей қоймайды. Зылиха Жанболатқызы осынау сарқыраған сулары бар, жазда көк шалғыннан көз тұнатын, жұпар исі аңқыған жерде туғанын мақтан етсе де, ерте көрген жоқшылықты да естен шығарған емес. Анасы Бибіштен жастай айырылған жетімшілігін, соғыс жылдарындағы ашаршылық тұрмысты былай қойғанда, институтқа оқуға барарда жол қаражатына бір бұзаудың зорға табылғанын ұмытар ма…

Оқу бөлмесі

Ақырында институтқа түсудің орайы келмеді. Колхоз бастығы ауылға қайтқан көрікті, ширақ қызға оқу бөлмесін жандандыруды тапсырған еді. Әр ауылда сол жылдары «изба-читальная» деп аталатын оқу бөлімдері ұйымдастырылып жатқан. Бұрын күндіз кейде ашылып, көбінесе жабық тұратын, түнде жанатын шамы жоқ оқу бөлмесі Зылиха қолға алған соң жандана бастады. Ол әуелі үй ішін қоқыстан тазартып, төбе, қабырғаларын әктеп, терезелерін жуған соң іші кеңейіп, өңі кіріп, ажарлана бастаған. Қолдағы бар кітап бір үстелдің үстіне жаюдан артылған жоқ. Үйінен екі орындық әкеліп, мұндағы үш орындыққа қосқанда бөлме іші аз да болса оқу үйіне ұқсай бастаған. Көп ұзамай жаңа кітаптар сатып алуға колхоздан өз-кем қаражат бөлдіруге де күш салды.

Елуінші жылдары ауылда клуб жұмыс істемейді, кино көрсету өте сирек, теледидар атымен жоқ. Оқу үйіне жастарды жинай бастаған Зылиха көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырмақ болды. Бірақ бір де бір музыка аспабы жоқ, сондықтан ол драма үйірмесін қолға алған. Оқу үйінде электр жарығы жоқ, біреу керосин шам, біреу тезек әкеліп жағып, қыстай бір актылы пьесалар дайындады. Сахна — мектептің ұзын дәлізі, төріне бірнеше столды біріктіріп қойып, соның үстінде ойын көрсететін. Ауыл адамдары тайлы-таяғымен келіп, еденге малдас құрып отыра кетуші еді. Ауылда бұдан басқа қызық жоқ.

Фермадағы жұмыс

Содан жастардың ұйтқысы болып жүрген Зылиха бір жыл өтпей бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайланды. Ол енді жастарды еңбек етуге тарта бастаған. Зылиханың ұйымдастырғыштық қабілетін байқап, бастықтар ең ақсап тұрған шаруашылық — сиыр фермасына баруын өтінеді. Ол өзімен бірге тоғыз қызды ертіп, сауыншылар бригадасын ұйымдастырған-ды. Жаңа келген он қыз жұмысты сырты сыланбаған, қабырға-төбелері аңғал-саңғал, еңсесі төмен, іші сасық «базаны» тәртіпке келтіруден бастады. Жатқан жері тазарып, күтімі түзелген, мезгілінде сауылатын сиырлардың сүті де молая түсті. Бұрын шығынды көп беретін ферма бірте-бірте колхозға пайда келтіре бастады. Бұл туралы газеттер жазып, елге танылған тұста ауылға қазақ өнері мен әдебиетінің айтулы қайраткерлері Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев келген-ді. Содан екі майталман бірігіп, «Беу, қыздар- ай» атты комедияны дүниеге келтіргенді. Күллі Қазақстанға таралған сол комедиядағы басты кейіпкер Айсұлу — Зылиха бейнесі екенін біреу білсе де біреу білмейді. Сол пьеса бүгінге дейін Зылиха және оның құрбыларымен бірге жасасып келеді. Көп ұзамай жиырмаға толмаған Зылиха ферма меңгерушісі болып тағайындалды. Сеніп тапсырған жүмысқа құлшына кірісетін өдеті бойынша ол сауын сиырлар үшін жаңа база салдыртып, сауыншыларды сасық қорадан құтқарды. Еңселі жаңа үйге көшкенді мал да ұнатады екен, шұрайлы жерге кенеліп, тез қоңдана бастады. 640 сиырдың сүті де молая түсті.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаты

Осының бәрін көріп-біліп отырған Шоқан ауылының адамдары оны 1959 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Жиырма үштегі қыз бала үшін бұл зор абырой еді. Маңдайы ашылғалы тұрған Зылихаға алғаш ақыл берген өзіне ұстаз тұтатын, кейін қоғам қайраткері болған Бижамал Рамазанова еді. Ол: «Келешегің бар, оқып, жоғары білім ал» — деді. Бұл кезде тұрмыс құрып, жанұя болған, өрі жүмысбасты болып жүргеніне қарамай зоотехникалық-мал дөрігерлік институтка оқуға түсті.

Көп ұзамай, колхозшылар оны күтпеген жерден колхоз бастығы етіп сайлады. Қанша жүрексінгенмен жастарды еңбекке жұмылдыру тәжірибесінен өткен ол тәуекелге бел буған. Шаруашылықтың да тасы өрге домалай бастағанда Қазақстан комсомолының XII, XIII съездеріне, БКЛЖО-ның IX съезіне делегат болып барғаны төбесін көкке жеткізгендей еді. Бұдан кейін СОКП XXIV съезіне делегат болып қатысып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары болып сайлануы оның абырой-атағын тіпті аспандатып жіберді. Мұның бәрі әлдекімнің сүйемелдеуі емес, өзінің ақ адал еңбегі арқасында екенін сезсе де асқақтаған жоқ, бұрынғы қарапайым қалпын сақтай білді, шаруашылықтағы жігерлі еңбегінен жаңылған жоқ. Сондықтан шығар, ол 1968 жылы Киров аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылды.

Төрт баланың анасы бола тұра соншама қоғамдық, шаруашылық жұмыстарын атқаруына, институтта сырттай оқып, мал маманы дипломын алуына әкесі Тамшыбайұлы Жанболат, содан кейін, әрине, «құдай қосқан қосағы» Тоқсанбайдың көмектескенін айтпасақ та түсінікті. Бір жылға жетер-жетпестен аудан басшылары: «Зылиха, сен бұл жерде аудандағы өзіңсіз мәселе шешпейтін бастықтардың бірісің, одан да артта қалған бір шаруашылықты қолға алып, көтеріп жіберсең қайтеді? Беделің бар, үкімет пен партия атақ-абыройыңды біраз көтерді, енді бізге нақтылы ісің керек болып тұр» — дегенде ол біраз ойланып-толғанған. Аудандағы ең артта қалған шаруашылықты көтеру қолынан келе ме? Жоқтан бар жасау оңай ма? Бірақ ел, халық сеніп отыр. Осындай жас шағында, қажыр-қайратының қайтпаган кезінде қимылдап қалмауының қисыны келе ме? Ол тәуекелге бел буды. Аудандағы ең артта қалған шаруашылық «Еңбекші» совхозында аз уақыт парторг, іле-шала директор болып қызмет істей бастады.

«Еңбекші» совхозындағы жұмыс

Бұл шаруашылықтағы негізгі сала — қызылша, содан кейін — егін, мал. Мал маманы Зылиха техникалық дақыл — қызылшаны егіп-баптаудың талай тәсілдерін жүре үйренді. Агроном Болат Тоқсанбаев деген жігітпен ақыл қоса отырып, Битай Тәтенова, Закария Сейітова сияқты қызылша өсіру шеберлерінің тәжірибесіне сүйеніп, қариялардың кеңесін тыңдай жүре жаңа директор өнім салмағын 170–180 центнерден, эр гектар бойынша 600 центнерге дейін өнім алғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атанды. Жоғарыда аталған екі апайы да кеудесіне Алтын Жұлдыз қадады. Қызылшадан түскен табыс совхоз қаражатының 97 пайызын құраған соң-ақ шаруа өрге басты. Совхоз табысы таси бастағанда Зылиханың ең бірінші ойлағаны — еңбекші елдің тұрмыс-мәдениетін түзеу. «Еңбекшінің» орталығында да, бөлімшелерінде де ақ шаңқан шатырлы үйлер бой көтеріп, көшелерге асфальт төселді. «Еңбекшіде» тұрғызылған мәдениет сарайы — осы аймақтағы ең зәулім жөне сәнді ғимарат саналады. Бұл ауылды Зылиха отыз жылдан бері табан аудармай басқарып келеді. Нарық заманы ауыл, елдің қалыпқа түскен тұрмыс жағдайын шайқай алған жоқ. Зылиха заман лебіне қарай ой толғап, совхоз мүлкін талан-таражға түсірмеді, тіршілік өз қалпымен жүріп жатыр. Ашыққан, ауа көшкен ешкім жоқ. Еңкейген кәрісінен еңбектеген жасына дейін білетін ауылда ешбір шаңырақ шайқалмады, әрқайсысы шаруашылық басшысының назарында. Бұл күнде ауыл Анасына айналған Зылиха Тамшыбаеваны қадірлемейтін, құрметтемейтін адам кем де кем.

Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 — 1980 ж.ж.)
Тарихи тұлғалар
Зылиха Тамшыбаева (1936-2010 жж.)