Мөде тәңірқұт, Оғыз қаған (т. ж. б.. — б. з. б. 174) — ғұндардың әйгілі билеушісі. б. з. б. 206 жылға дейін әкесі Тұман тәңірқұттың тірі кезінде 10 мың үйді құрайтын бірнеше тайпаны басқарған. Қол астындағы ғұндардан дайындығы мықты әскери жасақ құрды. Қытай жазбаларында Мөде өзінің әкесін өлтіріп, билікке келгені жайлы айтылады. Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, оған күйрете соққы берген. Мөде кескілескен күресте Хань әулетін ғұндардың Ордостағы көшіп жүретін жерлерінен бас тартуға мәжбүр етті. Бұл шарт бойынша Хань императоры Мөдеге өзінің ханшасын әйелдікке беруге және жыл сайын «сыйлық» ретінде салық төлеп тұруға міндеттеніп, кейін салықты үнемі төлеп тұрды. Шығыста Мөде «шығыс ху» тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына Керулен жене Онон алқаптарын мекендеген сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Бұл кезде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейін созылып жатқан аумақ ғұндардың қол астында болды. Б. з. б. 201 ж. Мөде Алтай өңірін түгелдей бағындырды. Б. з. б. 177 ж. Мөде юечжилерді талқандады. Осы жылы Шығыс Түркістанды түгелдей бағындырып. Үйсіндерді өз қол астына қаратты. Б. з. б. 174 ж. Мөде өлген соң орнына баласы Гиюй "қытай деректерінде Лаонаь-Шаньюй) отырды. Мөденің есімі түркі халықтары арасына Оғыз қаған деген атпн қалған.